Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіптік кооперация орталығын құрады

 Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіптік кооперация орталығын құрады
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2023 жылы 9 қарашада Ташкентте қол қойылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев орталық жұмысының жоспарын таныстырды. Орталық өнеркәсіптік кооперация, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық кешені ретінде жұмыс істейтін болады. 

"Орталықта "Атамекен" (Қазақстан) және "Гулистан" (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасқан және өндірістік алаңдар сақтау қоймалары сондай-ақ көлік инфрақұрылымы болады. Бұл жүк тасымалдауды жылдамдатуға логистикалық шығындарды азайтуға жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға тұтынушы үшін өнімнің соңғы құнын төмендетуге жеткізілімдердің жылдамдығын арттыруға сондай-ақ "Солтүстік - Оңтүстік" дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді", - деді министр. 

Келісім бойынша Орталықтың жалпы аумағы 100 гектар. Қазақстан бөлігі - 50 гектар Өзбекстан бөлігі - 50 гектар. Белгіленген аумаққа өңірлік индустриялық аймақ мәртебесі беріледі.

Орталықтың инфраструктура құрылымы бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады. Түркістан облысы әкімдігі ашық конкурс өткізіп негізгі инвесторды анықтады. Инвестор Орталықтың ішкі және сыртқы инфрақұрылымына инвестиция салатын болады. Қазіргі таңда инвестор Орталықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Техникалық және құрылыс жүмыстары 2026 жылдың 4-тоқсанына аяқталып, ресми ашылуы 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Келісімді ратификациялау елдердің өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге, инвестиция тартуға және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға ықпал етеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget