Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары су мен энергетика мәселелерін талқылады

Ташкентте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Өзбекстанға ресми сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы шешім Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Астанаға мемлекеттік сапары барысында қабылданған еді. Бұл–екі ел парламенттері арасындағы өзара ықпалдастықтың тың және жетілдірілген форматы.

"Біздің президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеевтің жеке келісімдерінің арқасында екі елдің ынтымақтастығы одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл–Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Ал мемлекет басшылары барлық келісімнің жоғары деңгейде уақтылы әрі дұрыс орындалуына парламенттік бақылау жасауды Парламентаралық ынтымақтастық кеңесіне жүктеді", - деді Мәжіліс спикері.

Екі ел депутаттары сауда-экономикалық, көлік, аграрлық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты және су дипломатиясы мәселелерін талқылады.

Маңызды мәселенің бірі – Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы үкіметаралық келісімді келісу рәсімін және Орталық Азия елдерінің халықаралық су-энергетика консорциумын құру мүмкіндігін талқылау болды.

Кездесу қорытындысы бойынша делегация басшылары парламентаралық ынтымақтастық кеңесі туралы ережеге қол қойды. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі жылына кемінде бір рет тұрақты түрде өткізіліп отырады.

Сапар аясында Мәжіліс төрағасы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елдегі іргелі өзгерістер туралы айтты. Мәжіліс спикері Өзбекстан басшысына Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындылары мен екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-әрекеттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.

"Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңін өткеруде. Оның діңгегі–заң және құқық үстемдігі. Президентіміз ұстанып отырған басты басымдық – ішкі саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті сақтау. Біз сындарлы сыртқы саясатқа баса мән береміз. Онда Өзбекстанмен одақтастық қатынастарға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жайт өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтады", - деді Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ Өзбекстан Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен және Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен кездесулер өтті. Тараптар комитеттердегі, достық топтарындағы және басқа да алаңдардағы парламентаралық қатынастардың келешегін талқылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!