- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қорғаныс министрлігі
Қазақстан мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлерінің келіссөзі неге өтпейтін болды?
Қорғаныс министрлігі Қазақстан мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлері арасында 5 желтоқсанға жоспарланған келіссөздер неге өткізілмейтінін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қорғаныс министрінің Корея Республикасына жоспарланған сапары Корея тарапының бастамасымен іс-шараның күші жойылуына байланысты өткізілмеді. Корей тарапының жауабы қоса беріледі", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.
Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, елдегі ішкі жағдайға байланысты Кореяға бару мүмкін емес.
Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады. Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.
Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.
Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Сеулде қақтығыстар басталып, көшелерде әскери техника жүргені хабарланды.
Кейінірек Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.
Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова