Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдік мысырлықтар жөніндегі министрі Бадр Әбделатымен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұхбат барысында тараптар Таяу Шығыста қалыптасқан күрделі жағдайды талқылап, деэскалация және барлық даулы мәселені саяси-дипломатиялық жолмен халықаралық құқық қағидаттарының шеңберінде реттеудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, министрлер екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту мәселелерін де қарастырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігін білдірді.
Бадр Әбделаты Мысырдың шетелдік туристтер үшін қауіпсіз ел болып қала беретінін растап, мысырлық биліктің бұл бағытта барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын ерекше атап өтті.
Тараптар биік және жоғары деңгейде сапарлар алмасуды жандандыруға, сондай-ақ екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz