Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Моңғолияны аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ретінде атап, президент Ухнаагийн Хурэлсухтың елімізге сапарына айрықша мән беріп отырғанын айтты.
"Біздің тарихымыз бен тамырымыз ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен "киіз үйлер" мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатыр. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Қадірлі президент Ухнаагийн Хурэлсух мырзаның және барша моңғол халқының ықылас-ілтипатын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Сол сапар барысында Cтратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мыңжылдық бауырластығымызды біржола бекіте түскен тарихи құжат. Қазір екі елдің парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хурэлсухтың бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты нығайта түсері анық", – деді Қазақстан Президенті.

Ухнаагийн Хурэлсух бүгінгі келіссөздерге жоғары баға берді.
"Құрметті Президент, біз сіздің Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен іс-қимыл жоспары нәтижелі жүзеге асып, екі елдің игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы ұрпақтан ұрпаққа ұласып, стратегиялық әріптестігіміз бен ықпалдастығымыз мәңгі жасай берсін!" – деді Моңғолия президенті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова