Қазақстан мен Моңғолия мамандары гендерлік саясат мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия БҰҰ-ның Қазақстан мен Моңғолиядағы Даму бағдарламасымен бірлесіп, 2015 жылғы 6 қазанда Ұлан-Батор қаласында Моңғолияның Индустрия және сауда ұлттық палатасының ғимаратында «Қазақстан-Моңғолия: әйелдерді мемлекеттік, жеке және азаматтық секторларда ілгерілету бойынша екі елдің тәжірибесі» тақырыбында халықаралық конференция өткізді, - деп хабарлайды baq.kz сайты

Конференцияның мақсаты – өңірлік ынтымақтастықты дамыту, әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету мәселелерін, «жасыл экономиканы», қолөнершілікті дамыту перспективаларын және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселелерін талқылау.

Конференцияны ашқан Моңғолия ұлттық сауда-өнеркәсібі палатасының төрайымы Магван Оюунчимэг конференцияның көршілес екі ел әйелдерінің басын қосқан тұңғыш іс-шара екендігін атап көрсетіп, осындай бастама жасағаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ол бизнесте, тау-кен өндірісі, кәсіпкерлік, сауда салаларында бірлесе атқаратын көптеген жобаларды қолға алып, ынтымақтастықта жұмыс істеуге болатынына сенім білдірді.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қ.И.Қобландин қатысып, құттықтау сөзінде мұндай іс-шаралар екі елдің арасында қалыптасқан тату көршілік қатынастарды нығайта түседі деп атап көрсетті.

Қазақстан делегациясын бастап барған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы, Ұлттық комиссияның мүшесі, генерал С.М.Айтбаева конференция қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеп, «Қазақстанда әйелдердің экономикалық және саяси ілгерілетілуі және құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңейтілуі» тақырыбында баяндама жасады.

Моңғолияның халық жағдайын дамыту және әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Ноен Х.Баавгай «МХР әйелдерінің қазіргі жағдайы және олардың елдің дамуына қосатын үлесі» тақырыбында баяндама жасап, бүгінде үш бағытта жұмыс жүргізілу көзделетін бағдарлама қабылданып, жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы баяндады. Олар: «Дамуға әйелдер қосқан тарихи үлес», «Әйелдердің қазіргі кездегі жағдайы» және «Бүгінгі күннің өзекті проблемалары» деп аталады.

Бұдан кейін жұмыс бағдарлама бойынша жүргізіліп, елді дамытуға әйелдердің үлес қосуы, бизнесте әйелдерді ілгерілету, ықпалдастықтың маңызды факторы – дәстүрлі қолөнершілік тақырыптары бойынша сессиялық пікір алысулар басталып, қатысушылар өз салалары бойынша баяндамалар жасап, таныстырылымдар өткізді.

Сессия жұмыстары кезінде айтылған екі елдегі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікті дамытуда гендерлік теңгерімді сақтау бойынша озық тәжірибелерді өз елдерінде іске асыру қажеттігін атап көрсетті.

Жиынға Монголиядағы қазақ әйелдерінің «Ару жұлдыздар» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп қатысты.

Конференция аясында екі тарап қолөнершілері шығаратын тауарлардың көрмесі өткізілді.

Сондай-ақ Ұлан-Батордағы әйелдер басқаратын кәсіпорындарға барып, олардың қызметімен танысу жоспарланған.