Қытайдың Ининь қаласында Алматы облысы мен ҚХР Іле-Қазақ автономиялық аймағының полиция қызметкерлері шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Күн тәртібіндегі басты мәселе - «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Басқосу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Айта кетерлігі, соңғы рет өңірлердің қызметкерлері «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы салынып жатқанда бас қосқан болатын. Тараптардың өзара ынтымақтастығы және қылмыспен күрес мәселесі де сол уақыттан бері шешімін тауып келеді. Ендігісі - көші-қон мәселесін реттеу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл ретте, Алматы облысының ішкі істер департаменті биыл Қорғаста өздерінің өкілдіктерін ашты. Бұл күні қытайлықтар да осы бағыт бойынша жұмыс атқаруда.
ҚХР Іле-Қазақ автономиялық аймағы мен ШҰАӨ Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Гао Чидың айтуынша, Жібек жолының бойында орналасқандықтан халықаралық ынтымақтастықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
«Себебі, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығына жақында бүкіл әлемнен адамдар келе бастайды. Сондықтан біз екі елге де маңызды жоба үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасауымыз керек. Қытай мен Қазақстанның тәртіп сақшыларының ынтымақтастығының нәтижесінде халықаралық қылмыс мәселесі бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп сенемін», - деді ол.
Қол қойылған жобалық келісімнің әрбір бағыты егжей-тегжейлі талқыланды. Екі күндік жұмыстың нәтижесінде екі тарап келісімге келіп, іргелес жатқан екі мемлекеттің полициялары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Ал Алматы облыстық ІІД бастығы Мұрат Ұрұмхановтың айтуынша, қол қойылған құжаттың қауіпсіздік бағытындағы маңызы зор.
«Бүгін екі күн бойы қытайлық әріптестерімізбен танысып, талқылап, пікір алмасқан құжатқа қол қойылды. Мұнда екі тараптың өзара ынтымақтастық, бір-бірімізге қолданыстағы заң аясында өзара заңгерлік көмек көрсету бойынша мәселелерді нақты жүйеге қойдық. Бұл ынтымақтастық екі елге де маңызды жоба аясында табысты жұмыс істеуге жол ашады», - деді М. Ұрұмханов.
Кездесудің соңында екі елдің тәртіп сақшылары қылмысқа қарсы бірлесіп күресіп, екі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уағдаласып, тарқасты. Енді жаңа құжат бойынша қызу жұмысқа кіріспек.
Дереккөз: inform.kz