Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы алтын кезеңге өтті - Тоқаев

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы алтын кезеңге өтті - Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас алтын кезеңге өткенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жоғары мәртебелі төрағасы, сізбен елордамыз Астанада кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бүгін сіз елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ең алдымен Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалаймын", - деді Президент Ақордада.

Оның пікірінше, қазақ-қытай қарым-қатынасы басқа елдерге үлгі.

"Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықтық нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгерлерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екі жақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болады", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қос ел арасында сауда айналымы 41 миллиард долларға жеткенін атап, Қытай төрағасына алғыс айтты.

"Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты, әлеуметтік, экономикалық дамуға халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазір 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Жоғары өнеркәсіп, энергетика, көлік транзиті, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларды қамтиды. Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары мәртебелі төраға, осы жетістіктің бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асып жатқанын айрықша атап өткім келеді", - деді президент. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен