Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді

Қазақстан мен Қытай қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Бейжіңге жұмыс сапарымен барды. Министрлер өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа және басқа да қазіргі заманғы қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Сапар аясында Ержан Сәденов Қытай Халық Республикасының қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен екіжақты кездесу өткізді. 

Қорғасқа қатысты жағдай

Екіжақты кездесу нәтижесінің бірі - Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылуы.

"Келісім екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алуға, туындайтын қатерлерге жедел ден қоюға және халықаралық орталық аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді

Екіжақты келіссөздердің тағы бір нәтижесі - Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілуі.

"Бұл екі ел азаматтарына тиісті рәсімдерді жеңілдетіп, өзара сапарларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз