Қазақстан мен Қырғызстан 49 жылға бір-біріне жер учаскелерін береді

Қазақстан мен Қырғызстан 49 жылға бір-біріне жер учаскелерін береді
Фото: depositphotos.com

Қазақстан мен Қырғызстан Астана және Бішкек қалаларындағы елшіліктер үшін бір-біріне жер учаскелерін, коттедждер береді. Сенат депутаттары тиісті заңды мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобасында екі ел өз астаналарында мына нысандарды орналастыру үшін ғимараттар мен жер учаскелерін тегін беретіні айтылған:

  • екі мемлекеттің елшіліктері;
  • төтенше және өкілетті елшілердің ресми резиденциялары.

Тараптар ғимараттар мен жерді 49 жылға береді.

Қазақстан елшілік салу үшін Қырғызстанға Астанада 0,74 гектар учаске және елші резиденциясы үшін ауданы 1267 шаршы метр болатын бөлек коттедж береді.

Қырғызстан Бішкекте елшілік салу үшін Қазақстанға 0,75 гектар учаске және елші резиденциясы үшін ауданы 531 шаршы метр болатын коттедж береді. 

"Жылжымайтын мүлік екі мемлекетте алынатын салық пен алымдардың барлық түрінен босатылады. Тараптар ғимараттарды салу, жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ, қабылдаушы мемлекетте қолданылатын тарифтерге сәйкес коммуналдық қызметтерге жұмсалатын барлық шығынды өздері төлейді", - деді Сенат депутаты Андрей Лукин.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget