Қазақстан мен Иран президенттері Астанада не туралы келіссөз жүргізді?

Қазақстан мен Иран президенттері Астанада не туралы келіссөз жүргізді?
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан мен Иран президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Каспий аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде Иранмен ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

"Екі ел дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқарып жатыр. Парламентаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, елуден аса келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз", – деді Президент.

Масуд Пезешкиан иран-қазақ қатынастары тереңнен тамыр тартатынына тоқталды.

"Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселе бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз әрекет етеміз. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту – ортақ міндет. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар, Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды", – деді Иран президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Иранға жалпы құны кемінде 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын екенін айтты. Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық перспективасы қарастырылды.

"Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырудың, Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті.

Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр. Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.

Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша бұл бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі былтырмен салыстырғанда 53 пайызға артқан.

Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасына назар аударылды. 

Екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселесін де қозғады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget