Қазақстан мен Чехия бірлескен операция өткізді: азаматтардың жеке дерегін таратқандар ұсталды

Қазақстан мен Чехия полициясы ҚР және ТМД елдері азаматтарының жеке дерегін таратқан халықаралық арнаны жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді. Сонымен қатар, күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді.

Тергеу барысында көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыш, сондай-ақ, қолма-қол ақша тәркіленген. ІІМ мәліметінше, қылмыстық әрекетті жүзеге асыру үшін күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке дерек орналастырылған жабық интернет ресурс құрған. Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған: әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті атқарған. Олар қылмыстық схеманы үйлестірушілерден бастап, жеке деректі заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындаған. Заңсыз жолмен келген қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп аккаунттар пайдаланылған.

"Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!