Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқаруға және талдауға, сондай-ақ, GovTech-шешімдер қабылдауға арналған AI-Driven Government ахуалдық орталығының тұжырымдамасы жөнінде баяндады.
Сонымен қатар, мемлекеттер басшыларына Smart City технологиялары, робот техника аймағы, түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған Samruk-Kazyna жобалары көрсетілді.
Президенттер Astana Hub инновациялық кластерін аралап көрді. Орталықта 1800-ден аса IT-компания мен стартап, оның ішінде шетелдің үлесі бар 460-тан аса компания тіркелген. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық компаниялардың өнімдері жайында мәлімет берілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова