Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі қашан ашылады?

Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе Монреальда өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) конференциясы аясында талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Кездесуге Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ делегациясының басшысы Дэниел Дж. Эдвардс қатысты. Тараптар тікелей рейстерді іске қосу және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.

Қазақстан FAA санатын алуға дайындалып жатыр

Тікелей әуе қатынасын ашудың негізгі шарттарының бірі – АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) бірінші санатын алу.

Қазақстан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Қыркүйекте америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, алдын ала қорытындысын ұсынған. Көлік министрлігінің мәліметінше, мамандар Қазақстанның көрсеткіштеріне оң баға берген.

Келіссөздерде Қазақстан мен АҚШ арасында жасалған "Ашық аспан" келісімі де сөз болды. Бұл құжат екі ел арасындағы тікелей рейстерді іске қосуға құқықтық негіз қалыптастырады.
«Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізудеміз. АҚШ-тың авиациялық билік органдарымен сындарлы өзара іс-қимылды жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдердің таяу уақытта аяқталуына сенім артамыз», – деді Талғат Ластаев.

Air Astana үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын күтеіп отыр

АҚШ бағытындағы рейстерді орындау үшін Air Astana әуе компаниясы 2026-2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар 2026 жылғы ақпанда Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Boeing компаниясымен 33 ұшақ жеткізу жөнінде келісімдер жасалған. Келісімдердің жалпы құны 15 миллиард доллар деп көрсетілген.

Тікелей әуе қатынасының ашылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік және туристік байланысты нығайтып, жолаушыларға екі ел арасында ауысып отырмай ұшуға мүмкіндік береді.

Тараптар рейсті іске қосуға қажетті рәсімдерді аяқтау және практикалық мәселелерді бірлесіп шешу жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.