Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер пайда болады

Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер пайда болады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект технологияларын оқытуға бағытталған жаңа пәндер енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомствоның хабарлауынша, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды. Өзгерістер аясында бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп, ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп қайта аталды.

Алайда жаңашылдық тек пән атауларының өзгеруімен шектелмейді. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты арнайы бөлімдер енгізіліп, 43 жаңа оқу мақсаты бекітілген.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде белсенді пайдаланады. Сондықтан басты міндет – оларды бұл технологияны саналы, тиімді әрі жауапкершілікпен қолдануға үйрету.

Бастауыш сынып оқушылары не оқиды?

1-4 сыныптарға арналған бағдарламада «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бөлімі қарастырылған. Оның аясында 17 оқу мақсаты енгізілген.

Оқушылар жасанды интеллекттің қалай жұмыс істейтінін қарапайым мысалдар арқылы түсініп, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және интернеттегі жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.

Орта буында ЖИ мен киберқауіпсіздік оқытылады

5-9 сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау» және «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдері енгізіледі.

Бағдарламада 14 оқу мақсаты қамтылған. Оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында пайдалануды, сұраныстарды дұрыс құрастыруды, нейрожелілердің жауаптарын сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптарда машиналық оқыту негіздері оқытылады

10-11 сынып оқушылары үшін «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі әзірленген.

Бұл бөлімде 12 оқу мақсаты қарастырылған. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген. Сонымен қатар оқушылар заманауи жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс қағидаттарымен танысады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектеп бағдарламалары технологиялардың қарқынды дамуына, еңбек нарығындағы жаңа талаптарға және жасанды интеллекттің түрлі салаларға кеңінен енгізілуіне байланысты жаңартылып отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget