Алдағы жылдары Қытаймен жүк тасымалы артып, еліміз жыл сайын шамамен 263 млрд теңге пайда табады деген болжам бар. Бұл туралы көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, автокөлік тасымалы - ел экономикасының тұрақты дамуына өзіндік септігін тигізетін басты саланың бірі.
"Елімізде алыс шетелге жүк тасымалдайтын 300 отандық компания 7 600 көлікпен жұмыс істейді. Тасымалдар үкіметаралық келісімдер шеңберінде 42 елмен іске асырылады. Олардың негізінде жыл сайын 170 мыңға жуық рұқсат беру бланкісі алмастырылады. Биыл 9 айда жүк тасымалы 5,5 млн тонна болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі – 42 пайыз", - деді министрдің орынбасары Үкімет отырысында.
Сәтжан Аблалиев транзинттік тасымалдарда оң үрдіс байқалып отырғанын атап өтті.
"Өткен жылмен салыстырғанда өсім 44 пайыз деңгейінде. Негізгі жүк көлемі Қытайға тиесілі және ол соңғы жылдары 2 есе өсімді көрсетіп отыр. Сараптамалық мәліметтерге сәйкес, жыл сайын Қытайдан Еуропаға теңіз жолымен 1 млрд 600 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады. Қазақстан арқылы автокөлікпен тасымалданатын транзинттік жүк көлемі 1 пайыздан аспайды. Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізілуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің Қазақстан арқылы транзинтпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар", - деді вице-министр.
Ол алдағы уақытта жыл сайынғы Қытаймен жүк тасымал көлемі артады деген болжам барын жеткізді.
"2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 5 есе артады деген болжам бар. Бұған биыл енгізілген Қытаймен визасыз режим, Қазақстан мен Қытай аумағы арқылы өтетін еркін транзитке мүмкіндік берген жаңа келісім ықпал етеді. Бұдан басқа Қытай тарапы "Тиркорнет" еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің мүшесі болып қабылданды. Ол кедендік тексерусіз транзиттік жол жүруге мүмкіндік береді. Қытай транзиті 3 есе артады деп болжанып отыр. Бұл жыл сайын Қазақстан экономикасына 263 млрд теңгеге жуық түсуді қамтамасыз ете алады", - деді Сәтжан Аблалиев.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!