Қазақстан Қытайға сапалы әрі табиғи ет өнімдерін экспорттауға ниетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытайға сапалы әрі табиғи ет өнімдерін экспорттауға мүдделі екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз Қытай тарапымен ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқыладық. Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін төраға Си Цзиньпинге ризашылығымды білдіремін", - деді Президент Ақордада.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде техникалық мамандар даярлау маңызды екенін жеткізді.

"Біз білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеміз. Қазір Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан аса қазақ жасы білім алып жатыр. Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Оған әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік", - деді мемлекет басшысы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз