- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан Қытайдың бейбіт...
Қазақстан Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайды - Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шағын құрамдағы келіссөзден кейін Қазақстан Президенті мен ҚХР төрағасы екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалайтынын айтты.
"Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа "алтын кезеңіне" өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары Мәртебелі Төраға, осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайды.
Сондай-ақ, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына негізделген әділ әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы жетекші рөлі мен елеулі үлесін жоғары бағалайды.
"Сіздің "Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығын құру" туралы бастамаңызды конструктивті рухта қолдауға дайынбыз. Біздің "Біртұтас Қытай" саясатына қатысты ұстанымымыз өзгермейді. Сондай-ақ терроризм, сеператизм және экстремизм секілді "үш зұлым күшке" қарсы күрес жөніндегі ықпалдастықты қолдаймыз. Қытайдың бүкіл әлем елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтеуге шақыратын тұрақты ұстанымын бағалаймыз. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналатынын бұған дейін де айттым. Өзара тауар айналымын еселеуге мол мүмкіндігіміз бар. Біздің елдің Үкіметі осы мақсатқа жету үшін табанды түрде жұмыс істейді. Қытай Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша жетекші орынға ие. Кейінгі 15 жылда оның көлемі 24 миллиард долларға жетті. Екі ел арасында визасыз режим күшіне енді. Қазір "Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы" өтіп жатыр. Мұның бәрі елдеріміздің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайтуға тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова