- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан Қытай компанияларымен...
Қазақстан Қытай компанияларымен байланысты күшейтуге дайын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қарым-қатынасы өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуіміз жаңа ғана бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қарым-қатынасының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Мемлекет басшысы Қытай елімізге қомақты инвестиция салған елдердің бірі екенін атап өтті.
"Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторларымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. Былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі", - деді президент.
Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытай компанияларымен байланысты күшейтуге дайын.
"Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан ары жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және ІТ салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", - деді мемлекет басшысы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Есен