Футболдан биылғы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындары жылдағыдан қарқынды басталды. Себебі алда Қазақстан ұлттық құрамасын 2024 жылғы Еуропа чемпионаты жолдамасы үшін өтетін Грекияға қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Осы орайда Vesti.kz жаңа маусым алдындағы дайындыққа қалай әсер етіп жатқаны жайлы көлемді ақпарат ұсынады.
Қазақстан ұлттық құрамасының дайындық жоспары алдын-ала құрылды. Клубтар оқу-жаттығу жиындарына (оқу-жаттығу жиындарына) енді ғана кіріскен кезде, Магомед Адиев бастаған елдің бас командасының жаттықтырушылар штабы қыста қандай кестені ұстанатынын білді. Олар ұлттық құрамаға ілігуге үмітті ойыншыларды бақылаумен болды.
Қазір барлығы ұлттық құраманың алдағы жаттығу жиындарын күтуде. Ал оған дейін Қазақстан премьер-лигасының екі тур ойыны өтеді, бұл ойыншылардың алаңдағы сенімділігін арттырып, Еуро ойыны алдындағы спорттық бабын сақтауына сеп болары анық.
Грекияға қарсы ойынға дайындыққа 13 күн уақытымыз (8-21 наурыз) болады. Уақыт жеткілікті. Бұл аралықта Түрікменстан құрамасына қарсы жолдастық кездесуді де жоспарлап отырмыз. Осындай жоспарымыз бар. ҚФФ осы уақытты жоспарлап, бізге дайындалуға мүмкіндік бергені үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дайындық өте маңызды және ауадай қажет. Біз жаттығу кезінде, Түркіменстанмен ойында да Грекиямен болатын матчта көрсеткіміз келетін тактикалық сәттерді сынап көргіміз келеді, - дейді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев.
Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы әрдайым құрамада ойнайтын ойыншылардың жаттықтырушыларымен байланыста болатыны түсінікті. Қысқы оқу-жаттығу жиындары кезінде бұл байланыс жылдағыдан да нығая түсті – себебі бәрінің мақсаты Еуропа чемпионатына шығуға барынша дайындалу.
Бірінші кезекте біз футболшыларымыздың функционалдық дайындық деңгейіне назар аудардық. Клубтардың дене шынықтыру жаттықтырушыларымен тығыз қарым-қатынаста болдық. Себебі алдағы ойынға алғашқы минуттардан бастап шығатын ойыншылардың жағдайын анықтау маңызды. Сонымен қатар біз құрамға үміткерлердің де деңгейі мен дайындығын бағамдауымыз қажет. Жаттықтырушылар алдында Грекиямен өтетін ойында футболшылардың алдына қандай міндеттер қойылатыны белгілі. Кім негізгі құрамда, кім қосалқы құрамда шығатынын түсініп алуымыз керек, - дейді бас жаттықтырушы.
Winter Cup – қазақ футболындағы жаңа құбылыс
Маусым алдында Белекте (Түркия) өткен Winter Cup жарысы футболымыздағы жаңалық болды. Бұған дейін ҚКФЛ жүлде қоры қомақты (100 миллион теңге) қазақстандық клубтарға жолдастық турнир ұйымдастырмаған. Бұл да себепсіз емес. Өздеріңіз білетіндей, Наурыз айындағы кездесулер мен матчтарға шақырылған ойыншылардың кеңейтілген тізімі жуырда ғана жарияланды. Адиевтің тізіміне енген 33 футболшының 16-сы қысқы Кубокта өнер көрсетті. Олар – Бекхан Шайзада, Сергей Малый, Темірлан Ерланов, Асхат Тағыберген, Самат Жарынбетов (бәрі де – "Ордабасы"), Роман Асранкулов, Руслан Валиуллин, Еркін Тапалов және Ислам Чесноков ("Тобылдан"), Игорь Шацкий, Бағдат Каиров, Әділхан Таңжарықов, Рамазан Оразов, Максим Самородов, Арман Кеңесов (бәрі де "Ақтөбеден") және "Елімайдан" Иван Свиридов.
Аталған турнирде "Ордабасы" командасы ойын соңындағы пенальти сериясында "Тобылды" ұтып, жеңімпаз атанды. "Ақтөбе" клубы да пенальтиден "Елімайды" ұтып, үшінші орын алды.
Ақшалай сыйлық беру (жеңімпаз бен финалиске беріледі) жігерлендіре түсері анық, бірақ басты мақсат ойыншыларға мүмкіндік пен мотивация бері. Турнир жүйесі ойыншыларды жай жолдастық ойындарға қарағанда күшті ете түседі.
Мен қысқы кубок ойындарының (Winter Cup) өткеніне өте қуаныштымын. ҚКФЛ тамаша өткізді деп ойлаймын. Командалар дайындалғаны байқалды, жүлде қоры да болды. Бұл командалардың талпынып ойнауына жол ашты. Ұлттық құрама ойыншыларына тамаша спаррингтік ойындар болды. Құрамаға шақыртылған 13 ойыншы қатысып, бақ сынады. Бұл өте жақсы, - деді Адиев.
Қазақстан Суперкубогының тарихи ойыны және ҚПЛ жаңа маусымы
Қазақстан Суперкубогының финалы алғаш рет шетелде өтті. Бұл оқу-жаттығу жиындарында жүрген командалар үшін үлкен көмек болды. "Ордабасы" мен "Тобыл" ұзақ уақыт Түркияда дайындалып, тіпті бірге Winter Cup жарысына қатысты.
Төрт күннен кейін тағы кездесті, бұл жолы Антальяда ойнады. Қазақстан Суперкубогы – маусымның алғашқы ресми ойыны, кез келген команда жеңіп алғысы келетін жүлде.
Клубтардың аз уақыт ішінде Қазақстанға келіп, қолайсыз ауа райында маңызды ойынға дайындалуға мүмкіндігі болмады. Оның үстіне "Астана Арена" алаңы жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған. Қысқы суықта ашық аспан астында ойнау қолайсыз. Түркияда күн жылы әрі оқу-жаттығуында жүрген командалар үшін қолайлы болды. Сондықтан да 2024 жылдың алғашқы ресми жүлдесін сонда сарапқа салды.
"Тобыл" Winter Cup финалында кеткен есесін "Ордабасыдан" қайтарды. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, ойын соңындағы пенальтиде бұл жолы қостанайлық команданың асығы алшысынан түсті.
Жаман ойын емес, бірінші ресми кездесу. Ойыншылар маусымға толық дайын болмауы заңды да. Ойын мәнері жетіспеді. Бірақ қысқы кубоктан кейінгі Суперкубок құрамаға үміткер ойыншылар үшін жақсы дайындық болды. Алда ҚПЛ-дің екі туры бар. Менің тілегім, құраманың ойынына дейін үміткер футболшылар 5 ойынға қатысса жақсы болар еді. 5 ойыннан кейін олар бабына келеді. Суперкубок жайлы айтар болсақ, тартысты кездесу болды. Бәрін пенальти сериясы шешкені белгілі. "Тобыл" кейбір көрсеткіштері бойынша жеңіске жетуге жақын болды деп ойлаймын, бірақ пенальти сериясында қол жеткізді. Екі жақтың ойыны да шиеленісті болды. Сондықтан "Тобыл" командасының жанкүйерлері мен басшылығын жеңісімен құттықтаймын!, - деді құраманың бас жаттықтырушысы.
Жұма күні ҚПЛ-дің жаңа маусымы басталады. Халықаралық маңызды ойынға дейін екі тур ойындары өтеді. Біріншісі 1-2 наурызға (жұма-сенбі), екіншісі 5-7 наурызға (сейсенбі-бейсенбі) жоспарланған.
Қазақстан құрамасы дайындалып үлгеру үшін үзіліс болады. Сондықтан ҚФФ және ҚКФЛ құрама пайдасына маңызды шешім қабылдап отыр.
Ұлттық құраманың жиналуы: БАӘ-гі жаттығу, жолдастық матч және Грекияға аттану
Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын 8 наурыз күні Дубайда (БАӘ) бастайды. Дәл осы шақырылған уақытта ойыншылар да дайын болары анық (бір күн бұрын КПЛ-дағы матчтан кейін "Қайрат" футболшылары Данил Устименко мен Әділет Садыбеков келіп қосылады).
Құрама Дубайда 11 күн дайындалады. Тек жаттығу жиындарын ғана емес, жолдастық кездесу де өткізеді. Бейсенбі күні, яғни 14 наурызда Түрікменстан құрамасымен ойнайды. Ойын жабық жағдайда өтеді.
Біз басында жаттығу жиынын Кипрде өткізгіміз келді, бірақ виза мәселесіне байланысты бұл қиындау болды. Команда үшін виза мәселесін ұйымдастыру оңай емес. Сондықтан да Дубайды таңдадық. БАӘ-ге визе керек емес, онда бар жағдай жасалған. Онда Түрікменстан құрамасымен жолдастық ойын болады. Кипрде қарсылас табу қиын болатын еді. Осыны ескере Дубайды таңдап, жабық қалыпта жолдастық матч өткізуді жоспарладық, - дейді Магомед Мұсаұлы.
ҚФФ бәрін дайындады: билет, ұшақ, тіпті Германиядағы жатын орынды да
ҚҚФ ұлттық құрама департаментінің директоры Ғани Қайназаров команданың оқу-жаттығу дайындығына жасалған жағдайларды тарұатып айтып берді.
Біз 21 наурыз күні Грекиямен ойнатынымызды білгеннен бастап дайындықты қолға алдық. Оқу-жаттығу жиынын өткізуге Кипр және Түркия таңдауы болды, бірақ ойлана келе Дубайда өткізуді жөн көрдік. Бізге бір апта ішінде жолдастық кездесу өткізуге команда қажет болды. Кипрде қарсылас табу қиын. Онда бізге бір командамен ойнауды ұсынды, біз қарсы болдық, құрамамыз. Түрікменстан құрамасымен келіссөз жүргіздік. Уақыты біз үшін де, олар үшін де ыңғайлы болды. 8 наурыз күні Дубайға ұшу жоспарланып отыр. Түркия мен Ресей чемпионатында ойнайтын жігіттер кейіннен қатарға қосылады. 8-19 наурыз аралығына жоспарладық, 14 наурызда Түрікменстанға қарсы ойнаймыз.
Жоспар бойынша Грекиядан қонақүй дайындап қойдық. Ойыннан кейін жаттығуға арналған алаңдармен де келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ Люксембург, Грузия мен Германияда да қонақүйлермен келіссөз бар. Дубай - Афина бағытында чартерлік рейспен келістік. Мұның бәрі жоспар бойынша дайын. Менеджерлік құрам өзгерген жоқ, бәрі өз ісінің шеберлері. Команданың дайындығына ешқандай кедергі болмауы үшін бар жағдай жасалуда. Департамент мақсаты – құрама жігіттерінің барлық жағдайын ескеріп, құрамаға ыңғайлылық жасау, - дейді ол.
Құрама 19 наурыз күні Грекияға аттанады. 22 наурыз күні түнде (Қазақстандағы уақыт белдеуімен түнгі 00:45-те) жергілікті құрамамен кездеседі. Бұл бір ойыннан тұратын іріктеу матчы. Жеңімпаз финалға шығып, Грузия – Люксембург ойынында ұтқанымен кездесіп, Еуропа чемпионаты жолдамасын сарапқа салады.
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты 14 маусым мен 14 шілде аралығында Германияда өтеді. Қазіргі таңда бұл атақтың жеңімпазы – Италия құрамасы.
Фото: ФК "Астана" (1), ПФЛК (2,3), КФФ (4,5)©️
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!