IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортшылары 9 медаль жеңіп алды — 3 алтын, 4 күміс және 2 қола, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыс алғаш рет Түркияда өткен, оған әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан аса спортшы 13 спорт түрінен қатысты. Қазақ спортшылары спорттың 5 түрінен (қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, садақ ату) өнер көрсетті.
Қазақ күресі бойынша біздің құрама қоржынында 6 медаль бар: Марат Нығматуллаев 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі алтынды Зарина Сарипова жеңіп алды. Еламан Қойшыбаев (80 кг) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 кг) күміс, ал "Қазақстан Барысы" Мақсат Исағабылов (+80 кг) пен Мөлдір Азамат (+65 кг) қола жүлдегер атанды.
Қасымхан Қанат дәстүрлі садақ атудан финалда өнер көрсетті, онда 32 елден 95 спортшы бақ сынады. Ол өзінің қарсыласы Оғыз Окшадан 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.
Көкбөріге Қазақстан, Қырғызстан, Түркия командалары қатысты. Түркия командасы өз қалауы бойынша үшінші орынға келісім беріп, ақтық сынға қазақ-қырғыз құрамалары өтті. Ақтық сында Қазақстан-Қырғызстан командаларының ойыны 0-5 есебімен аяқталып, спортшыларымыз күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанып, Қырғызстан командасын 4:3 есебімен жеңді. Финалға жету жолында қазақстандықтар Өзбекстан мен Моңғолия спортшыларын 8:1 және 12:2 есебімен ойсырата жеңген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!