Денсаулық сақтау вице-министрі - бас санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстан коронавирусқа қарсы шетел вакциналарынан бас тартып, отандық QazVac-қа ауысуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Pfizer тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге сатып алынады. Негізгі санат үшін Sinopharm және QazVac пайдаланылады, болашақта тек QazVac болуы мүмкін, өйткені бүгінде біздің зауыттың қуаты қажеттілікті жабуға мүмкіндік береді.
"Спутник V" туралы айтатын болсақ, бүгінде бізде бар вакциналардың көлемі және вакцина өндіру жағынан мүмкіндігіміз Қазақстанның қажеттілігін жабуға жеткілікті. Сондықтан "Спутникке" (жаңа партияға тапсырыс беру - еск.) қажеттілік болмады", - деді Есмағамбетова.
Журналистер қазақстандықтарға ақылы негізде, мысалы, Johnson & Johnson компаниясының вакциналары қашан қолжетімді болатынын сұрады.
"Денсаулық сақтау министрлігі ретінде халықтың көп мөлшердегі вакцинаға қол жеткізуіне және таңдауы болуына мүдделіміз. Бірақ бұл бізге тәуелді емесін түсіну керек. Moderna және Pfizer-мен жеке келіссөз жүргіздім. Өкінішке қарай, бүгінде барлық жеткізуші вакцинаны ақылы нарыққа шығаруға үзілді-кесілді қарсы. Тіпті дистрибьютор таптық, бірақ оларда әлемде пандемия болып тұрған кезде коронавирусқа қарсы вакциналарды жеткізу тек мемлекетпен жасалған шарт негізінде және тек мемлекет үшін ғана жүретіні туралы нақты ереже бар", - деді Есмағамбетова.