Қазақстан бес елге шамамен 4 миллион АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек жіберді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.
Қазақстан 7 қазанда жойқын жер сілкінісі болған Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді. Үйінді астынан адамдарды құтқару үшін қазақстандық құтқарушылар да барды.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан басқа елдерге 3,8 миллион АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек жіберді, бұл былтырмен салыстырғанда 3 есе аз. Сонымен қатар, шетелден алынған гуманитарлық көмек көлемі 37,8 пайызға жетіп, 24,9 миллион АҚШ доллары болды.
2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстаннан жіберілген гуманитарлық көмектің барлығы тек екі елге, яғни Тәжікстан (1,7 миллион АҚШ доллары) мен Ауғанстанға (1,6 миллион АҚШ доллары) жіберілді. Биыл ақпанда жойқын жер сілкінісі болған Түркия мен Сирияға да гуманитарлық көмек жіберілді. Бұл елдерге 338,6 мың АҚШ доллары және 11,5 мың АҚШ доллары көлемінде көмек берілді. Соғыс жалғасып жатқан Украинаға 101,7 мың АҚШ доллары жіберілді.
Қаңтар-тамызда шетелден алынған гуманитарлық көмектің ең көп көлемі Бельгиядан келді: 20,7 миллион АҚШ доллары. Қазақстан Германиядан да қомақты көлемде гуманитарлық көмек алды: 3,5 миллион АҚШ доллары. Басқа елдерден келген гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 696,5 мың АҚШ доллары болады.
Қазақстан жіберген гуманитарлық көмектің ең көп көлемі - азық-түлік тауарлары. Одан кейінгі орында киім-кешек пен аяқ киім (168,1 мың АҚШ доллары), сондай-ақ, машина мен жабдық (88,3 мың АҚШ доллары) жіберілген.
Алынған гуманитарлық көмектің айтарлықтай көлемі дәрі-дәрмек болды. Ал 454,2 мың АҚШ долларына киім мен аяқ киім, 16,9 мың АҚШ долларына машина мен жабдық келді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз