Бүгін Асқар Мамин төтенше жағдай режиміне байланысты кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары қаралған отырыс өткізіп, дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын бекітті. Енді жеке кәсіпкерлердің несие төлемдері 90 күн кейінге шегеріледі.
"2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың белгілі бір салаларына қатысты шектеу шараларын қолдануға байланысты халықтың және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қажет", - деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында.
Әбілқасымова екінші деңгейлі банктермен және несиелік нарық субъектілерімен, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлерінің Қауымдастығымен бірлескен шаралары туралы айтты.
"Біріншіден, Азаматтық кодекстің 359-бабына сәйкес несие бойынша міндеттемені орындамаған қарыз алушы еңсерілмейтін күш жағдайлары, яғни дүлей құбылыстар, әскери әрекеттер сияқты төтенше және еңсерілмейтін мән-жайлар болған кезде мүліктік жауапкершілікте болмайды. Мұндай жағдайларға төтенше жағдай режимін енгізу жатады.
Осыған байланысты қарыздар мен микрокредиттер бойынша төтенше жағдай енгізілгендіктен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдерді кешіктірген кезде айыппұлдар мен өсімақылар (тұрақсыздық айыбы) есептелмеуі тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, сонымен қатар, ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерді қоса алғанда, барлық әлемдік қаржы ұйымдары, сондай-ақ қарыз беретін өзге де кредиторлар берген қарыздарға қолданылады ", - деді Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен қатар, ол несие берушілер қарыз алушы үшін жақсартылған жағдайда қарыз шартының талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы екенін айтты.
"Осыған байланысты банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне 90 күнге дейінгі мерзімге негізгі қарыз бен сыйақыны қоса алғанда, төлемдерді кейінге қалдыру бойынша жұмыстарды жүргізу қажет", - деді Әбілқасымова.
Әбілқасымованың айтуынша, банктер мен кредиттік нарықтың басқа да субъектілері аталған шараларды іске асыру үшін қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі мен тетіктері анықталады.