Қазақстан "қара тізімге" енген жоқ - Еуроодақ өкілдігі

Қазақстан "қара тізімге" енген жоқ - Еуроодақ өкілдігі
Фото: Tengrinews.kz

2023 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алу тәртібінде айтарлықтай өзгерістер болмайды, Еуропалық Одақ Қазақстанды "қара тізімге" енгізген жоқ. Мұны ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

"Жалпы ереже бойынша Шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Бұл ереже Қазақстанда бұрынғысынша қолданылады. Егер сіздің өтінішіңізді және/немесе қосымша құжаттарды егжей-тегжейлі қарау қажет болса, бұл кезең 45 күнге дейін созылуы мүмкін. Бұл ереже азаматтыққа қарамастан, барлық өтініш берушіге бірдей және тек керек кезде қолданылады", - делінген хабарламада.

Шенген визасы: қосымша консультация деген не? Турагент түсіндіріп берді

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Еуроодақтың қара тізіміне енгені туралы ақпарат тараған еді. Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ешқандай қара тізімге енбегенін, тек виза алатын кезде қосымша консультациядан өтетінін хабарлады.

"Біз еуропалық тараптан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда жұмыс тәртібінде бізге келесіні хабарлады - 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Шенген келісімінде "қара" немесе "қызыл" тізім деген ұғым жоқ, бұл әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған", - деді ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан