Қазақстан қара жәшікті неге Бразилияға бергені белгілі болды

Сарапшы Қазақстанның Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін Бразилияға беру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кез келген қате шешімді пропагандистер қолдануы мүмкін еді

"Терроризмге қарсы комитет" РҚБ төрағасының орынбасары, пропаганда және радикализация мәселелері жөніндегі маман Ассоль Мирманова Қазақстанның бұл бағыттағы шешімін "Сүлеймен шешімі" деп атады.

"Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшігін Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) беру туралы шешім қабылдап, даналық көрсетті... Ресей мен Украина арасындағы гибрид соғыс жағдайында кез келген қате немесе абайсызда жасадған әрекетті пропагандистер қолдануы, нәтижесінде елдің іші де, сырты да Қазақстанның қайғылы оқиғаны тергеуіне күмәнданар еді", - деп жазды Мирманова Facebook-те.

Қара жәшікті Бразилияға беруге не себеп болды?

Сарапшының айтуынша, қара жәшікті Бразилияға беру туралы шешім мына себептерге негізделген:

  • Тәуелсіздік және жан-жақтылық: Бразилия - осы ұшақты шығарушы, оның құпиясын ашу үшін барлық қажет технологияға ие. Бұл біржақты шешімге деген күдікті жоққа шығарады. Қазақстан ашық тергеуге дайын екенін көрсетті, бұл басқа елдердің сенімін арттырады.
  • Халықаралық ережелерге сай болуы: Чикаго конвенциясы Қазақстанға қара жәшікті талдау үшін елді таңдауға мүмкіндік береді. Қара жәшікті Бразилияға тапсыру Қазақстанның халықаралық құқық пен ашықтыққа бейіл екенін растады.

"Қазақстанның шешімін күрделі геосаяси жағдайдан бөлек қарастыруға болмайды. Ресей қара жәшікті ТМД-ның Мемлекетаралық авиация комитетіне жіберуді ұсынды, бұл біржақты айыптауларға байланысты даулы қадам ретінде қабылдануы мүмкін еді. Алайда Қазақстан кемел және стратегиялық ұшқырлықты көрсететін жол таңдады. Бұл таңдау Қазақстанның бір сәттік пайда немесе сыртқы қысым үшін емес, ұзақ мерзімді мүдделерге негізделген шешімдер қабылдайтын қабілетін көрсетеді. Мұны Сүлейменнің шешімі деп атауға болады: дана әрі салмақты", - деді саясаттанушы.

"Қазақстанның беделін көрсетті"

Маманның пікірінше, бұл қадам Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді және жауапты серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Қазақстан қысым жағдайында да өз бетінше кәсіби әрекет етуге қабілетті екенін көрсетеді.

"Ақтау трагедиясы еліміз үшін күрделі сынақ болды, бірақ оны абыроймен өткердік. Қазақстан халықаралық стандарттарға сай шешімдер қабылдап қана қоймай, әлемдік қоғамдастықтың сенімін нығайта алатынын көрсетті", - деп түйіндеді Ассоль Мирманова.

Айта кетейік, бұған дейін де әзербайжандық БАҚ-та да Қазақстанның осы ұстанымына қатысты мақала жарияланды. 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз