Маусымның басында Қытайдың Хайкоу қаласында (Хайнань аралының әкімшілік орталығы) әлемге танымал «Намыс Дода» (Большие гонки) спорттық шоу басталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан Ұлттық Телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшылардың бір тобы — әр түрлі спорт түрлері бойынша әлемдік спорттық-танымдық ойын телешоуына қатысу үшін Қытайға жүріп кетті. Осы жылы ойынға Қытай, Венгрия, Франция, Алжир өкілдері де қатысуда.
Бұл ретте, ойындарда Қазақстан 2007 жылы 4 орын, 2008 жылы 2 жүлделі орын, 2012 жылы Ойындардың бас жүлдесі — 1 орынды иеленгенін айта кеткен жөн. Әрбір қатысушы елден оның танымал тұлғалары: спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары, эстрада жұлдыздары қатысады. Қазақстандық құраманың бас бапкері — Ережесіз жекпе-жек бойынша үш дүркін әлем чемпионы, Еуропа мен Азияның чемпионы, Ережесіз жекпе-жек бойынша әлем кубогының иегері Ардақ Назаров.
Әрбір бағдарламада эстрада жұлдыздарының арасынан қатысушыларды баптайтын команда капитандары таңдалады. Қатысушыларға жанкүйер болу үшін бірқатар қазақстандық эстрада жұлдыздары жолға шықты: ҚР еңбек сіңірген әртіс Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, «Мұзарт» тобы, айтыскер-ақын Төреғали Төреәлі, Мақпал Исабекова, Гүлнұр Оразымбетова, Рүстем Нұржігіт, Бейбіт Құшқалиев, «Денар» тобы, актриса және әнші Айгүл Иманбаева, актриса Әсел Сағатова, әнші Асхат Тарғынов, Ақыблек Жеменей, жүргізуші Нұрхан Қадырбаев, тележүргізуші және продюсер Ләйлә Сұлтанқызы, әнші жігіттер Сұлтан Күнтуған және Айқын Төлепберген, жүргізушілер Нұрлан Қоянбаев пен Асхат Садырбай. Жобаның бас продюсері — Гаухар Иманқұлова, атқарушы продюсер — Алтынбек Рахметов.
Биыл «Намыс дода» жобасының ережелері өзгерді. Енді қатысушылар әр ойынның әр жарысында жеңіс үшін тер төгулері тиіс. Бұдан бұрын «Чемпион қабырғасы» ойыны ұпайларды есептеу кезінде маңызды және шешуші болатын. Бүгінгі күні ұпай санын санау және алтын, күміс, қола медальдар әр ойын аяқталған сайын табысталып, ең соңында ойынның барлық кезеңдері бойынша жалпы ұпай саны қосылады.
Шоудың телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» телеарнасынан алдағы күзде «Намыс дода» атауымен көрсетіледі. «Намыс дода» — Францияда 1962 жылы «Intervilles» (қалааралық) атауымен шығып, әлемнің 30-дан астам елдерінде танымал болып, көптеген мемлекеттер қатысатын спорттық-танымдық телешоуға айналды. Ойындардың негізін сол жылдары Францияның президенті Шарль де Голль қалады, оның мақсаты — халықтар достығын нығайтып, Еуропа жастарының көңілін көтеру еді.
Жобаның аудиториясы — 2 млрд. адамды құрайды, мұндай аудитория тек қана олимпиада ойындарында жиналады. Бұл телевизия дамуындағы әлемдік барлық тенденцияларға сәйкес келетін отандық телевизиядағы ірі көлемдегі және жоғары сападағы бірден-бір шоу.