Қазақстан жолдарында 4 мыңнан аса көлік тоқтап тұр - ТЖМ

Бүгінде ауа райы қолайсыздығына байланысты 4 мыңнан аса көлік тоқтап тұр. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство басшысы бүгінде елімізде ауа райы тұрақсыз екенін ескертті.

"Ауа райының қолайсыздығына тоқталайын. "Қазгидромет " РМК болжамынша, 7-9 ақпан аралығында Қазақстанның басым бөлігінде қатты жел соғып, оның күші 30 м/с-ке жетті. Ертең циклон еліміздің аумағынан жылжиды.

11 өңірде апат жағдайында электр энергиясы өшті, оны қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 13 өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда блокбекеттер қойылып, көліктің барлық түріне шектеу енгізілді", - деді Шыңғыс Әрінов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өңірлерде министрліктің республикалық штабы жұмыс істеп жатыр.

"Қазір блокбекеттерде 4 мыңнан аса көлік тоқтап тұр. Уақытша орналастыру пункттерінде 1107 адам бар. 7-9 ақпан аралығында еліміздің 12 өңірінде 7 мыңнан аса көлік тоқтатылды.
Уақытша орналастыру пункттерінде 5 мыңнан аса адам, оның ішінде 50-ден аса бала болды. Осы күндері еліміз бойынша қар құрсауынан 64 көлік шығарылып, 1426 адам эвакуацияланды", - деді министр.

Шыңғыс Әрінов қазақстандықтарға алыс жолға шықпауға кеңес берді.

"....Қыста қазақстандықтарға жол қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беремін. 112 нөмірінен түскен хабарламаларды назарға алуларыңызды сұраймын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жариялағанда, елді мекенденден тыс жерге шықпауға, алыс жерге жаяу шықпауға шақырамын", - деді ведомство басшысы.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!