Жеңіл атлетикадан қазақстандық әлем чемпионы Нора Джеруто тыйым салынған затты пайдаланды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Жеңіл атлетикадан тәуелсіз орган (AIU) 27 жастағы спортшыны жарыстан шеттеткен.
Ол тыйым салынған затты/әдісті (ABP) қолданды деп айыпталып отыр.
Mozzartsport хабарлауынша, Нора жеңіл атлетиканың допингке қарсы ережелері немесе мінез-құлық кодексі бойынша өтетін тыңдауда соңғы шешім қабылданғанша спорттан шеттетіледі. Егер Джерутоның жарыстан шеттету туралы шешім күшінде қалса, ол әлем чемпионатындағы алтын медалінен айырылады.
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы бұған қатысты түсінік берді. Федерацияның хабарлауынша, спортшының допинг сынамасынан тыйым салынған заттар табылмаған.
"Athletics Integrity Unit (AIU), World Athletics еншілес ұйымы, спортшы Нора Джерутоны қан сынамалардың айғақтары негізінде допингке қарсы ережені бұзды деп айыптады. Допинг сынамасын зерттеу кезінде спортшының ағзасында тыйым салынған заттар табылмады, алайда гематологиялық профилінде өзгеріс тіркелді. AIU сарапшыларының пікірі бойынша, бұл өзгерістер тыйым салынған заттар немесе әдістерді қолдану мүмкіндігіне көрсетеді", - деп хабарлады федерация.
Нора Джеруто AIU комиссиясына халықаралық дәрігерлердің растап берген қорытындысы мен медициналық құжаттардың толық пакетін берген.
"Бұл тұжырымдар допинг немесе ЭПО инъекцияларын қолдану емес, өткен аурулардың салдарынан болған спортшының биологиялық паспортындағы өзгерістерді толық түсіндіреді. AIU комиссиясы мәселе толық анықталғанша және түпкілікті шешім қабылданғанша спортшы Нора Джерутоны кез келген жарыстарға немесе іс-шараларға қатысудан уақытша шеттетеді", - делінген хабарламада.
Жеңіл атлетика федерациясы сонымен бірге Нора Джерутоның жүкті болғаны себепті биылғы күзге дейін жарыстарға қатысуды жоспарламағанын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!