Қазақстан желден энергия қуатын өндірмек

Қазақстан желден энергия қуатын өндірмек
Фото: unsplash.com

Қазақстанның желден энергия қуатын өндіріп, әлемде көшбасшы атануға барлық мүмкіндігі бар. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әлемде территориясының көлемі бойынша 9-орын алатын Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша айтарлықтай әлеуетке ие. Еліміздің жел, күн және гидроэнергетиканы дамытудың, заманауи технологияны енгізудің және орнықты дамудың жоғары потенциалы бар. Таяу уақытта республикада жел генерациясын дамыту бойынша әлемде көшбасшы позицияға ие болудың барлық мүмкіндігі бар", - деді Алмасадам Сәтқалиев Сенатта өтіп жатқан парламенттік комиссия отырысында.

Министр жел генерациясы барынша тұрақты екенін атап өтті.

"Бұл энергия көзі еліміз бойынша біркелкі бөлінуі мүмкін. Нәтижесінде ол тарифтердің өсуіне барынша аз әсер етіп, түпкі тұтынушыға салмақ түсірмейді. Қазақстандағы климат жел электр станцияларын салуға қолайлы. Жылдамдығы 5 м/с-тан асатын жел дәліздерінің болуы жел турбиналарын салуға ыңғайлы. Сараптамалық бағалау бойынша Қазақстандағы жел энергетикасының энергетикалық әлеуеті - жылына 920 млрд. кВт/сағ Бұл ретте Каспий өңірі, оңтүстік, сондай-ақ оңтүстік-шығыста орналасқан Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасы жел энергиясының ең жоғары әлеуетіне ие", - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгінде еліміздегі электр энергиясын өндіру құрылымы мынадай:
• Жаңартылатын энергия көздері (күн және жел станциялар) – 11,8 %;
• ГЭС – 10,2 %;
• Газ – 24,8 %;
• Көмір – 53,3%.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz