Қазақстан жастарының 43,7 пайызы ауылда тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Үкімет отырысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту жоспарланғанын айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі "2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына" қатысты айтылған ескертулер мен ұсыныс-пікірлер ескеріліп, қайта пысықталғанын мәлімдеді. Тұжырымдамада ауыл жастарының кәсіби дамуына, сонымен қатар, кәсіп арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аударылады. Кәсіби бағдарлау жүргізіледі.
"Шаралар аясында 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 миллион жастың цифрлы сауатын арттыру, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген", - деді Дархан Қыдырәлі.
Ал "Жастар әлеуеті және кәсіпкерлік" бағыты бойынша жұмысқа уақытша орналаспаған жастардың пайызын төмендету мақсатында еріктілер жобалары іске асырылады. Тұрақты негізде NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына жүйелі мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!