Қазақстан жаңа көлік дәліздерін салу арқылы транзиттік әлеуетті белсенді арттырып келеді

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметі отырысы барысында Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz сайтында жарияланды.

«Жалпы, соңғы бес жылда 5 мың шақырым автожолға реконструкция жүргізілді, пайдаланылатын теміржол желісінің ұзындығы 1 703 шақырымға артты, жаңғыртуды талап ететін 8 әуежайдың 4-уі толықтай қайта жөнделді, Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті 20 млн тоннаға дейін артты», - деп хабарлады Ж. Қасымбек.

Ол Қазақстан үшін жаңа халықаралық дәліздер құрылысы есебінен транзиттік әлеуетін жүзеге асыру қажеттігі туралы айтты.

«Осы мақсатта Қытаймен екінші теміржол өткелі – Алтынкөл стансасы салынды, «Жезқазған-Бейнеу» желісі пайдалануға берілді. Мұның бәрі тасымал арақашықтығын 1 мыңнан астам шақырымға қысқартуға мүмкіндік берді. «Өзен-Болашақ» теміржол желісі арқылы Қазақстанның батысынан Парсы шығанағы елдеріне тікелей теміржол арқылы «шығу» қамтамасыз етілді», - деп нақтылады министр.

Оның айтуынша, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспарлар бүгінгі таңда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады.

«Жалпы, бұл бағдарламада 16 жоба қарастырылған, оның негізгі бөлігі республикалық маңызға ие, Алматы – Талдықорға, Астана – Петропавл – РФ шекарасы және басқа да автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау болып табылады», - деп атап өтті министр.