Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Ресейді басып озды. Қазақстан 4,5 орташа балымен 42-орынға ие болып, көрсеткіш жөнінен өткен жылмен салыстырғанда сегіз сатыға жоғарылады. Ал Ресей 45-орында.
Биыл Қазақстан Италия мен Польшаның ортасында тұр. Ол Ресей, Латвия, Филлиппин және Түркия сынды елдерді артта қалдырды. Рейтингтегі бірінші орынды осымен жеті жыл қатарынан Швейцария алып келеді. Екінші орынды Сингапур елі сақтап қалды. Үшінші орын — АҚШ. Германия бесінші сатыдан төртіншіге көтерілді. Ал Нидерланды - сегізіншіден бесіншіге.
ӘЭФ әзірлеген жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің алғашқы ондығына Жапония, Гонконг, Финляндия, Швеция мен Ұлыбритания сияқты елдер кірді. Қытай 28-орында, Бразилия - 75, Үндістан 55-орында. ТМД елдерінің арасында Қазақстанға қарағанда Әзірбайжан елі жоғары тұрды, 40-орында.
Айта кетейік, 2013 және 2014 жылдардың нәтижесі бойынша Қазақстан екі жыл қатарынан 4,4 орташа балымен бұл рейтингте 50-орынға тұрақтаған болатын. Рейтинг инфрақұрылым, макроэкономика, денсаулық сақтау, инновация сынды салаларды қамтыған 110-нан аса көрсеткіш негізінде жасалады.
Дереккөз: tengrinews