Қазақстан Халықаралық қайта құру және Даму банкінен 84,9 миллиард йен қарыз алады

Қазақстан Халықаралық қайта құру және Даму банкінен 84,9 миллиард йен қарыз алады
Фото: parlam.kz

Мәжіліс отырысында депутаттар Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы "Қарыз туралы келісімді" талқылауға қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Татьяна Савельеваның мәліметінше, Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын қарыз сомасы 84,9 миллиард йенді құрайды (270,8 миллиард теңге), ал оны қайтару мерзімі - 11 жыл.

"Заң жобасы 2024 жылдың 18 қарашасында Үкіметтің қаулысымен енгізілген. Аталған келісім 2024 жылдың 11 қазанында Астанада жасалды. Халықаралық қайта құру және Даму банкінен алынатын қарыз Қазақстан Республикасына республикалық бюджеттің жоспарланған тапшылық көлемін қолдау мақсатында беріледі. Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасына қорытынды дайындауға дайын. Қолдауларыңызды сұраймыз", - деді депутат Савельева.

Жақында Қазақстан бюджет тапшылығына байланысты азиялық банктерден 105 миллиард йен қарыз алатыны белгілі болды. Мәжілісте Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Азиялық даму банкінен 15 жыл мерзімге қарыз алу туралы екі заң жобасы қаралды. Қарыздың мақсаты - Қазақстан экономикасын қолдау.

Айта кетейік, елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы төрт триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында республикалық бюджетке кірістер лайықты деңгейде орындалмай жатқанын айтты. Ол өңір басшыларын артық жиындарды азайтып, қаржыны үнемдеуге шақырды. 4 қыркүйек Ұлттық қордан кепілді трансферт туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына өткен болатын.   

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет