Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев "Қазақстан халық жазушысы" атаған қазақстандықтарға үстемақы қарастырылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Халық жазушысы" атағы әдебиет саласындағы ең жоғары атақ болады. Үкіметтің тиісті қаулысы бар. Бұл тұрғыда олар мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе, онда тиісті үстемақы төленеді. Ал жұмыс істемесе, төлем жасалмайды. Жалпы мұндай жағдайда ешқандай қаржылық есептеу қарастырылмаған. Олар (атақты алғандар - еск.) Мәдениет және ақпарат министрлігінің тиісті мемлекеттік мекемелерінде қызмет етсе, 17 954 теңге сомасындағы үстемақы алады", - деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақстан халық жазушысы" атағы қайта берілетіні хабарланған еді.
Сенаторлар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады.
"Қазақстанның халық жазушысы" атағы - еліміздің әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұлғаларға беріледі. Сондай-ақ ұлт әдебиетін жаңа деңгейге көтерген, әдеби шығармашылық ортаның ең жоғарғы сыйлығы болады", - деді депутат Геннадий Шиповских Сенаттың жалпы отырысында.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!