- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан халқының саны...
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды
Ұлттық статистика бюросы 1 қыркүйектегі Қазақстандағы демографиялық ахуал туралы жаңа деректерді жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Халық саны 2022 жылғы 1 қыркүйекте 19 миллион 666,8 мың адам, оның ішінде қалалықтар - 12 миллион 131,1 мың (61,7 пайыз), ауылдықтар - 7 миллион 535,7 мың (38,3 пайыз) адам. 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 163,7 мың адамға немесе 0,8 пайызға өсті", - делінген хабарламада.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда (178,9 мың адам) 3,6 пайызға төмендеп, 172,4 мың адам. 1000 халыққа шаққандағы табиғи өсімнің жалпы көрсеткіші - 13,19.
2022 жылғы қаңтар-тамызда туғандар саны 263,8 мың адам, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (296,5 мың адам) 11 пайызға аз. 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті - 20,19.
"Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 91,4 мың адам, бұл 2021 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда (117,6 мың адам) 22,3 пайызға аз. Жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда - 7 өлім.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республикада бір жасқа дейінгі 2208 қайтыс болған нәресте тіркеліп, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2345 қайтыс болған нәресте) 5,8 пайызға азайды. Нәресте өлімі 1000 туғанға шаққанда 8,37 жағдай", - деп хабарлады статистика бюросы.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республикаға келгендер саны 9595 адам, елден кеткендер саны - 18 275 адам, көші-қон - 8680 адам.
Еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендер үлесі - 84,4 пайыз, кеткендер - 85,1 пайыз.
Ел ішінде қоныс аударған мигранттар саны 2,1 пайызға азайған. Өңіраралық қозғалыстар бойынша еліміздің үш қаласында: Алматыда (24 711 адам), Астанада (22 960 адам) және Шымкентте (2154 адам) халық көші-қонының оң деңгейі қалыптасты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова