Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды

Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды

Қазақстан халқының саны 2022 жылғы 1 тамыздағы дерек бойынша, 19 644 067 адамға жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2021 жылғы санаққа 19 186 015 адам қатысқан. Осылайша, 2009 жылғы халық санағынан бері ел халқы 20 пайызға немесе 3,2 миллион адамға өскен. Бұған халықтың табиғи өсімі мен Қазақстан аумағына көші-қон ағыны ықпал етті.

Санақ қорытындысы бойынша, қала тұрғындарының үлесі 61,2 пайызға дейін өскен, алдыңғы санақ мәліметтерімен салыстырғанда өсім 5 пайызға жеткен. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9 пайыздан 38,8 пайызға дейін азайған. Қала тұрғындарының басым бөлігі Қарағанды облысында тұрады - тұрғындардың 80 пайызы, яғни 1 миллионнан астам адам. Керісінше, қалалықтар саны ең аз аймақ - Түркістан облысы. Мұнда барлығы 498 мың адам немесе облыс тұрғындарының 24,3 пайызы қалалық жерде тұрады.

"Урбанизация - экономиканың индустрияландырылуы мен жұмыс күшінің өнімді салаларға ауысуына байланысты болатын әлемдік процесс. Әдетте, азаматтар ауылдан қалаға білім алу, мамандығы бойынша жұмыс істеу және әл-ауқатын жақсарту үшін көшеді. Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде қала халқының ең көп өсімі еліміздің 6 өңірінде байқалды - Ақмола, Ақтөбе, БҚО, ШҚО, СҚО, Қызылорда облыстарында. Ал елорда халқы екі есе өсті", - дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Алдыңғы санақ қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтанда 619 мың адам тұрып жатқан, 2021 жылғы санақ кезінде еліміздің бас қаласындағы халық саны - 1,23 миллион адам.

Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлер санынан басым. Санақ қорытындысы бойынша, олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Егер пайызбен айтар болсақ, ерлер үлесі - 48,6 пайыз (9 324 840 адам), әйелдер үлесі - 51,4 пайыз (9 861 175 адам) құрады. Осылайша, Қазақстандағы 100 әйелге 99 ер адамнан келеді.

Санақ 10 жылда бір рет жүргізіледі және белгілі бір кезеңдегі халықтың түрлі әлеуметтік-экономикалық параметрлерін көрсетеді. Жиналған деректер ұсынылған ақпараттың толықтығы (көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, туу, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге қатынасы) мен респонденттердің қамтылуы бойынша бірегей.

2021 жылғы санақ деректері мен Қазақстан халқының саны бойынша, ағымдағы деректерді ескере отырып жүргізілген есептеуден кейін 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, еліміздің халқының саны - 19 644 067 адам.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова