Қазақстан халқының саны 28 миллионға қашан жетуі мүмкін?

Қазақстан халқының орташа жылдық саны 2050 жылға қарай 8,2 миллион адамға өсіп, 27,8 миллион адамға жетуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталық мәліметінше, 2022-2050 жылдары жаңа туған нәрестелер саны 14,3 миллион адам, қайтыс болғандар саны 5,5 миллион адам болады. Осылайша, табиғи өсім 8,8 миллион адам болады. Алайда көші-қонның теріс сальдосына байланысты (565 мың адам) 2050 жылға қарай халықтың таза өсімі 8,2 миллион адам болады.

2050 жылға қарай сегіз өңірдің халық саны 869 мың адамға қысқаруы мүмкін, олардың қатарына Абай (92 мыңға), Ақмола (80 мыңға), Қарағанды (99 мыңға), Қостанай (181 мыңға), Павлодар (100 мыңға), Солтүстік Қазақстан (182 мыңға), Ұлытау (15 мыңға), Шығыс Қазақстан (120 мыңға) облыстары кіреді.

Сонымен қатар, қалған өңірлердегі халық саны 9 миллион адамға өсуі мүмкін, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 4,2 миллион адамға дейін өседі. Халық саны мына облыстарда өседі: Ақтөбе (326 мың), Алматы (800 мың), Атырау (350 мың), Батыс Қазақстан (112 мың), Жамбыл (657 мың), Жетісу (512 мың), Қызылорда (328 мың), Маңғыстау (723 мың) және Түркістан (994 мың адамға).

2022-2050 жылдары 13,6-дан 16,3 миллионға дейін (базалық сценарийде 14,3 млн) бала дүниеге келеді деп күтіліп отыр, оның 64 пайызы - қалалық жерлерде, 36 пайызы - ауылдық жерлерде.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!