Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындап қалды

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындап қалды
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 832 737 адам болды. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 259 453, ауыл тұрғындары – 7 573 284 адам.

Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 93,5 мың бала дүниеге келді (2021 жылы – 100,4 мың, 2022 жылы – 95,6 мың), оның ішінде 48,4 мыңы – ұл, 45,1 мыңы – қыз.

Туу коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 19,06 туу. Аталған кезеңде қайтыс болғандар саны 32,6 мың адам болды (2021 жылы – 36,1 мың, 2022 жылы – 38,1 мың), бұл ретте 1 000 адамға шаққанда өлім-жітім коэффициенті – 6,65. Нәтижесінде халықтың табиғи өсімі 2023 жылғы 3 айда 60,9 мың адам болды.

Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1 000 тұрғынға 26,31 адам), Түркістан (25,59) облыстарында және Шымкентте (24,37) байқалды.

Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1 000 тұрғынға шаққанда 11,53), Шығыс Қазақстан (11,12) және Қостанай облыстарында (10,81) байқалды, бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты. 3 айда 1 жасқа дейінгі 728 нәресте қайтыс болды, 1 000 тууға шаққанда нәресте өлімінің коэффициенті 7,78 болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан