Қазақстан халқының саны 18 миллионға шақ қалды

Қазақстан халқының саны 18 миллионға шақ қалды
Фото: todaynews.kz
2015 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 17 млн. 630,7 мың адамды құрады. Соның ішінде қалалықтар − 10 млн. 036,2 мың (56,9 пайыз), ауылдықтар  7 млн. 594,5 мың адамды (43,1 пайыз) болып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен хабарланды.

Мәліметтерге қарағанда, 2015 жылғы қаңтар-қазанда халық саны жалпы ел бойынша 213 мың адамға немесе 1,2 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша 2014 жылғы 1 қарашамен салыстырғанда халық саны 253 мың адамға немесе 1,46 пайызға артып отыр. Ал АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2015 жылы қаңтар-қазанда туылғандар саны 336,4  мың адамды құраған. Туу кезектілігі бойынша бірінші, екінші және үшінші туғандардың үлес салмағы сәйкесінше 34 пайыз, 28 пайыз және 18 пайызды құрап отыр. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,02 туылғандардан келеді.

«2015 жылдың қаңтар-қазанында республика халқының табиғи өсімі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 мың адамға немесе 1,1 пайызға азайып, 225  мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 15,39 адамды құрады», делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, Көші-қон полициясы органдары ұсынған келу/кетуді статистикалық есепке алу талондарындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2015 жылғы қаңтар-қазанда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны (көшіп-қонушылар) 2014 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 1,5 пайызға кеміп, 13 мың 557 адам болған. Осы кезеңде елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 4,5 пайызға көбейіп, 25 мың 432 адамды құрады, ал көші-қонның айырымы -11 мың 875 адам болды. Бұл ретте еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болып отырғанын атап өту керек. 

С. Ерсін