- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақстан халқына" қоры...
"Қазақстан халқына" қоры арқылы кімдер көмек алып жүр?
Былтыр 11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған болатын. Бүгінде қорға 155,2 миллиард теңге қаражат келіп түссе, соның ішінде жыл басынан бері 23,8 миллиард қаражат түскен. Оны ірі компаниялар, жеке қайырымдылық қорлары мен ұйымдар, меценаттар мен жеке тұлғалар жинап берген. Қордағы қаржы күні бүгінге дейін қандай адамдарға көмектесті? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Қордағы қаржы осы күнге дейін қандай мақсаттарда жұмсалды?
Қор көмекті атаулы түрде, яғни жеке азаматтарға қолдау білдіреді, сондай-ақ жүйелі түрде - өзекті мәселені шешу мақсатында қайырымдылық көмекті мақсатты, қалың көпшілікке арнайды. Сонымен қатар, азаматтардан келіп түскен өтінімдер негізінде тиісті қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары жарық көрді.
"Қордың қайырымдылық қызметі жүйелі, әрі ашық жүргізілуде. Ашықтық демекші, Қордың сайтында қайырымдылық көмекке қатысты барлық ақпарат, қаржылық есептер, қаражат түсімі, қаражат жібергендердің тізімі, қайырымдылыққа жұмсалған қаражаттың бағыты, Қор қызметінің жаңалықтары мен құжаттары бар. Сондай-ақ, Қор сайты арқылы азаматтар өтінімді, ұйымдар жобаны іске асыру бойынша онлайн түрде өтінім бере алады".
Қор арқылы кімдер көмек ала алады?
Бүгінде денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау, білім, спорт салалары және төтенше жағдай кезінде көрсетілетін көмек аясында 25-тен астам қайырымдылық бағдарламасы мен жобасы іске асырылып жатыр.
"Науқастарға дәрі-дәрмек сатып алуда қор ауыр және сирек кездесетін дерті бар азаматтарды қымбат, елімізде тіркелмеген және мемлекеттің сатып алу мүмкіндігі жоқ дәрілерді сатып алады. Бүгінде 20,3 миллиард теңгеден астам сомаға өмірге қауіп төндіретін және созылмалы ауыр сырқаты бар 289 науқасты дәрілік заттармен қамтамасыз етілді. Оның 233-і - балалар. Жалпы 34 атаулы дәрі сатып алынды, оның 7-уі елімізде алғаш рет сатып алынып, жеткізілді. Олардың ішінде жұлын бұлшықет атрофиясы бар балаларға қолданылатын әлемдегі ең қымбат дәрілік зат – "Золгенсма" ("Онасемноген абепарвовек") бар".
Онкологиялық және онкогематологиялық дерті бар пациенттерге, сондай-ақ Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы, муковисцидоз, туа біткен липодистрофия, жүйелі қызыл жегі, өкпенің лимфангиолейомиоматозы, эпилепсияның сирек және фармакорезистентті түрлері, тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну, жасөспірімдердің идиопатиялық артриті, пароксизмальды түнгі гемоглобинурия ауруы, атипті гемолитикалық-уремиялық синдром сияқты диагноздары бар емделушілерге арналған дәрі-дәрмектер сатып алынды.
"Шетелдік клиникаларға науқастар "ӘМСҚ" АҚ жанындағы шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның жұмыс органының қорытындысы және еліміздегі бес республикалық бейінді ұйымдарының бірінің қорытындысы негізінде жіберіледі. Мысалы, өткен жылдан бері 19 науқас Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Израиль, Үндістандағы клиникаларға жіберілді. Емдеуге жалпы сомасы 422 миллион теңге бағытталды".
Қан тамырлы ісігі бар – гемангиома диагнозы қойылған 128 бала ем алуға тіркеліп, оның ішінде өткен жылдан бері 42 бала ем алуды жалғастырып жатыр.
"Елімізде инновациялық протезге мұқтаж азамат көп. Бірақ, протез әлеуметтену үшін, әсіресе, балалар мен жастарға маңызды. Сондықтан біз осы санаттағы азаматар үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Қазіргі таңда 88 адамға жалпы сомасы 825,1 миллион теңгегеинновациялық, яғни көпфункционалды протездер табысталды. Ал сал ауруына шалдыққан балалардың жүріс-тұрысын, қозғалысын жақсартуға мүмкіндік беретін экзоскелет құрылғысымен 9 баланы қамтамасыз етілді, биыл тағы да 4 балаға экзоскелет әзірлеу жоспарланып жатыр".
Балалардың ерте жасындағы бұзылыстарын, инвалидизациясын алдын алу мақсатында елімізде 13 ерте араласу орталығы құрылады. Ерте араласу орталықтары медициналық, әлеуметтік және педагогикалық сынды үш бағытта жұмыс істейді. Әр орталықта жыл сайын 3 айдан 3 жасқа дейінгі нейро-ортопедиялық бұзылулары бар және олардың туындау қаупі бар 600 бала кешенді оңалту көмегін алады.Қазіргі таңда 13 орталықтың 4-уі - Шымкент, Талдықорған, Атырау, Өскемен қалаларында ашылды.
Шала туылған нәрестелерде көз көру қабілетінің нашарлау қатері жоғары. Сондықтан қор қолдауымен шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және соқырлығын емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген.
"13 аймақтағы 28 медициналық мекеме (оның ішінде 17 облыстық, 6 қалалық, 5 аудандық) офтальмологиялық линзалармен, офтальмоскоптармен және лазерлер жабдықталды. Сатып алынған жабдықтардың жалпы құны 307 миллион теңге. Медициналық ұйымдарға жабдықтарды жеткізу мамандарды оқытумен қатар жүрді. Офтальмологиялық жабдық шала туылған нәрестелердің көру қабілетінің бұзылыстарын (ретинопатия) анықтауға, уақытылы емдеуге және алдын алуға мүмкіндік береді".
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина