Қазақстан Гонконг пен Вьетнамға бидай экспорттайды

Қазақстан Гонконг пен Вьетнамға бидай экспорттайды
Фото: Коллаж: Depositphotos

Қазақстан 2025 жылы Қытай, Гонконг пен Вьетнамға бидай экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілістің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасар Серік Жұманғарин мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Вице-премьердің сөзінше, Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға шамамен 1,5-2 млн тонна бидай жіберіледі. Содан кейін Батыс Ауғанстан мен Шығыс Иранға 1,5-2 млн тонна бидай экспортталады.

"Дәстүрлі нарық - Орталық Азия. Бұл жаққа 6-8 млн тонна бидай жіберіледі. Мысалы, Өзбекстанға барып келдім. Оларға 3,5 млн тонна жіберуге келістік. Бұрын Қырғызстан 500 мың тонна бидай алатын, кейінгі кездері ала алмай жүр. Қазір Тәжікстан жақсы алып жатыр. Қытайға 2 млн тонна бидай жібереміз", - деді Серік Жұманғарин Мәжілістегі комитет отырысында.

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев 4 мемлекетке бидай жеткізілетінін атап өтті.

"4 елге - Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстанға 250 мың тонна бидай экспортталады. Бұл - бір айдың көрсеткіші. Келісімшарт қарашада жасалған", - деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары 2025 жылғы жоспарларымен де бөлісті. 

"Жыл басында біз Иран нарығына қайта келдік. Ол жаққа 3-4 жыл бидай жеткізген жоқпыз. Келесі жылдың басында Синьцзянда (Қытай) кездесу болады. Ол жаққа өзім барамын. Гонгонк пен СУАР-дың (Синьцзян-Ұйғыр автономиясы) басшылары болады, үшеуміз кездесеміз. Гонконг пен Вьетнамға контейнерлер арқылы бидай жеткізетін жоспарымыз бар. 2 айда "Қазақстан теміржолы" АҚ арқылы 2 млн 100 мың тонна бидайды экспортқа шығардық. Осындай тенденция қалыптасса, болашақта 12 млн тонна бидай экспортқа шығарамыз", - деді вице-премьер.

Айта кетейік, Үкімет резервінен фермерлердің астығын алу үшін қосымша қаржы бөлінеді. 

 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет