Қазақстан Футбол федерациясының жаңа президенті кім болады? Министрдің мәлімдемесі

Қазақстан Футбол федерациясының жаңа президенті кім болады? Министрдің мәлімдемесі
Фото: Massaget.kz

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа президентін сайлау алдындағы жағдай туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр федерацияның атқарушы комитеті бар қоғамдық ұйым екенін еске салып, қазіргі таңда ҚФФ-да жаңа президентті сайлау бойынша қажетті рәсімдер жүріп жатқанын айтты. 

"Қорытынды конференция бір айдан кейін өтеді. Кандидаттар туралы әзірге ақпарат жоқ. Қалай болғанда да, барлық үміткерлер бойынша толық талдау жүргізіледі. Біз де өз тарапымыздан кандидаттарды іріктеуге қатысатын боламыз. Федерацияны басқаруға лайықты адамдар көп. Бұл тек федерация басшысына ғана емес, спорт менеджерлерінен бастап, тұтас командаға байланысты. Футболды дамыту үшін шетелдік мамандарды тарту мүмкіндігін де қарастырудамыз," - деді Мырзабосынов мәжіліс кулуарында.

Министр сонымен қатар федерацияның жаңа президенті міндетті түрде қазақстандық болатынын, алайда ұйымға шетелдік менеджерлер мен мамандар қажет болуы мүмкін екенін атап өтті.

"Федерация құрамындағы менеджер, маркетолог, балалар футболын дамыту мамандарын шетелден тартуымыз мүмкін",- деді Мырзабосынов. 

Айта кетейік, 8 қараша күні Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Бәрменқұлов қызметінен кетті. Бүгін Мәжілістің отырысында депутат Жигули Дайрабаев футбол федерациясына басшы ретінде жаны, тілі қазақ азаматты қоюды өтінді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Туризм және спорт министрлігінің жұмысын сынға алса,  Ермұрат Бапи Мәжілісте сынға ұшыраған футбол федерациясы клубтарды алалауға көшкенін де жеткізді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет