Қазақстан елшілікке жасалған шабуылды айыптады: оқиға туралы не білеміз?

27 қаңтарда Әзербайжанның Тегерандағы елшілігіне шабуыл жасалды. Әлем елдері, оның ішінде Қазақстан да бұл жайтты қатаң айыптады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Иран билігі мұқият тергеу жүргізіп, кінәлілерді табатынына сенім білдірді.

"Қазақстан дипломатиялық миссиялар мен оның өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық пен басқыншылық актілерінің кез келген көрінісі қабылданбайды деп санайды. Мұндай шабуылдар халықаралық құқықтың негіздері мен нормаларын бұзады және жалпыға бірдей айыпталуға жатады деп санаймыз. Әзербайжанның бауырлас халқына, сондай-ақ қаза тапқан Әзербайжан Республикасының азаматы Орхан Аскеровтің туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Иран Ислам Республикасының билігі бұл оқиғаны мұқият тергеп, кінәлілерді жазалау үшін тиісті шаралар қолданатынына сенімдіміз", - делінген СІМ хабарламасында.

Оқиға қалай басталды?

27 қаңтарда Тегерандағы Әзербайжан елшілігіне қарулы шабуыл жасалды. Шабуыл Баку уақыты бойынша сағат 8:30 шамасында болған. 

Калашников автоматымен қаруланған шабуылдаушы күзет бекетіне басып кіріп, күзет қызметінің бастығын өлтірді. Елшілік күзетінің екі қызметкері де шабуылға тойтарыс берген кезде жарақат алды. Ал кейін шабуылшы ұсталды.

Көлікті өртеуге тырысқан?

РИА Новости мәліметінше, шабуыл жасаған ер адам жақын маңдағы елшілікке тиесілі қызметтік көлікті өртеуге тырысқан.  

"Шабуыл жеке мақсатпен жасалды. ...Елшілікке тиесілі көлікті өртеуге тырысты", - деген күзет өкілдері басылымға.

Желіде оқиғаның видеосы пайда болды

Әлеуметтік желілерде Әзербайжанның Ирандағы елшілігіне жасалған шабуыл туралы видео пайда болды. 

Кадрларда ғимаратқа екі адам кіргені көрінеді. Металл детекторының жақтауынан өткеннен кейін олардың бірі бұрылып, сыртқа қарайды. Содан кейін оның артынан қарулы адам жүгіріп кіреді. Шабуыл кезінде ғимаратта болған адамдар жақын маңдағы бөлмелерге жасырынуға тырысады. Шабуылдаушы бөлмелердің біріне жақындағанда, қарсы есіктен күзетші шығып, оны ұстауға тырысады.

Қызметкерлер эвакуацияланды

Әзербайжан шабуылдан кейін Ирандағы елшілік қызметкерлерін эвакуациялады.

Әзербайжан тарапы не дейді?

haqqin.az мәліметінше, Әзербайжан СІМ баспасөз қызметі бастығы Айхан Гаджизаде Иран үкіметінің Вена конвенциясының талаптарын қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ екенін немесе дипломатиялық қызметкерлерге тиіспеу туралы талаптарды әдейі бұзып отырғанын айтқан. 

Гаджизаденің сөзінше, Баку Әзербайжанның Тегерандағы елшілігіне шабуыл жеке немесе отбасылық мақсаттан жасалған деп санамайды.

"Бұл шабуылды айыптаймыз және Иран үкіметінен арандатушыларды анықтау үшін қажет шараларды қабылдауды талап етеміз. Иран тарапы біздің елшілікке жасалған шабуылға қарсы шара қолдануы керек еді. Тегеран антиәзербайжан науқанына қарсы шаралар қабылдауы керек. Кейінгі айларда ирандық БАҚ-та кең ауқымды антиәзербайжандық үгіт-насихат жүргізіліп жатыр, бұл бүгінгі шабуылға түрткі болуы мүмкін. Әзербайжан әрқашан Иранмен тату көршіліктің жақтаушысы болды, бірақ мұндай арандатушылықтар теріс әсер етеді", - деді дипломат.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев елшілікке жасалған шабуылды айыптап, кінәлілерді дереу табуды талап етті.

Елшілік қызметі тоқтады

Кейінірек Әзербайжанның Ирандағы елшілігінің дипломатиялық қызметі толық тоқтатылды. Бұл туралы Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов мәлімдеді.

"Елшілікте дипмиссияның әкімшілік ғимараты мен мүлкін күзету үшін бес адам қалады, бірақ олар дипломатиялық қызмет атқармайды", - деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Иран Ислам Республикасының президенті Эбрахим Раиси де Әзербайжанның Тегерандағы елшілігіне жасалған қарулы шабуылды тергеуді тапсырды.

"Бауырлас және көршілес Әзербайжан елшілігіне жасалған бұл қорқынышты шабуылды айыптаймыз", - деді ол.

Шабуылдың Иран тарапы атаған себебі қандай?

Тегерандағы Әзербайжан елшілігіне шабуыл жасаған ер адам жеке мақсатпен осындай қадамға барған. Бұл туралы Иран астанасы полиция бөлімінің басшысы Хосейн Рахими айтты.

"Алдын ала жауап алу кезінде ұсталған адам себебін жеке және отбасылық мәселелерге байланысты түсіндірді", - деді ол.

Баку ашық тергеуді талап етті

РИА Новости мәліметінше, Баку тарапы елшілікке жасалған шабуылды әлі де ашық тергеу керек екені туралы талап қойған. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов мәлімдеді.

Ол Әзербайжанның Ирандағы елшілігіне жасалған шабуылды БҰҰ, НАТО, Еуропа Одағы, түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар айыптағанын, мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлері және 60-тан аса елдің елшілері террористік акт ретінде сынағанын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!