Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша үздік 20 ел қатарына енді

Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша үздік 20 ел қатарына енді
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтеріліп, алғаш рет үздік жиырмалыққа және ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Бұл туралы БҰҰ-ның UN EGDI жөніндегі баяндамасында айтылды, деп хабарлайды Massaget.kz.

БҰҰ баяндамасында Қазақстанның екі жылда сегіз сатыға жоғарылауы көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі өсімдердің бірі ретінде бағаланған. Қазақстан мұндай деңгейге жеткен алғашқы мемлекет атанды. Енді еліміз Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен бір топта тұр.

БҰҰ барлық негізгі бағыт бойынша өсім болғанын атап өткен. Мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі жағынан Қазақстан 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, телекоммуникация инфрақұрылымының деңгейі бойынша Эстониямен теңескен.

Цифрлық сауаттылық көрсеткіші шамамен бір жарым есе артқан. Білім мен дағдылар деңгейі бойынша еліміз 42-орыннан 28-орынға жоғарылаған. Цифрлық үкіметтің құқықтық базасына ең жоғары баға берілген.

«Қазақстан бұған дейін қол жеткізген жоғары деңгейіне сүйеніп, өз ұстанымын нығайтуды жалғастырып келеді. Мұнда мәселе жекелеген сайттарда емес, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл платформалары, цифрлық сәйкестендіру, мобильді сервистер мен ХҚКО-лар бірлесіп жұмыс істейтін біртұтас жүйеде», — деп атап өтті БҰҰ сарапшылары.

Баяндамада Орталық Азияның 2026 жылы елеулі жетістікке жеткен өңірлердің біріне айналғаны айтылған. eGov.kz және eGov Mobile экожүйесі біртұтас цифрлық мемлекеттің үлгісі ретінде көрсетілген. Ал alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу, стартаптар мен жасанды интеллектті іс жүзінде қолдануға арналған алаң ретінде аталған.

2026 жылы ең жоғары санатқа алғаш рет үш ел — Қазақстан, Ирландия және Польша кірген.

Екі жыл ішінде Қазақстан Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Аустрия және Жапонияны басып озған.

ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тағы да бірінші орында тұр. Өзбекстан – 32-орында, Әзербайжан – 38-орында, Ресей 50-орында орналасқан.

Бұл нәтижеге қалай жетті?

Еске салайық, Мемлекет басшысы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған.

Мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылғы қаңтар-қазан аралығында 51 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Олардың үштен екісіне жуығы смартфон арқылы алынған.

Сонымен қатар мемлекет адами капитал мен инфрақұрылымға инвестиция салған. Атап айтқанда, өңірлерде цифрлық дағдыларды дамытуға, интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігін арттыруға көңіл бөлінген. БҰҰ баяндамасында ең жоғары өсім дәл осы бағыттар бойынша тіркелген.

Цифрлық экономиканың құқықтық базасы қалыптастырылған: азаматтардың цифрлық құқықтарын бекітетін Цифрлық кодекс қабылданып, «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енген. alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылып, қазақстандық суперкомпьютер TOP500 нұсқасы бойынша үздік жүздікке кірген.

«Рейтинг ешқашан біз үшін түпкі мақсат болған емес. Ол ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Мемлекет басшысы үш жылда толыққанды цифрлық елге айналу жөнінде нақты бағдар берді. Нәтижеге жекелеген жобалар емес, жұмыстың жүйелі жүргізілуі жеткізді. БҰҰ сайттарды емес, мемлекеттің тұтас қалай жұмыс істейтінін бағалайды. Жасанды интеллектке басымдық беру дұрыс шешім болды: ол бюрократиялық жұмысты өз мойнына алып, адамның стратегиялық немесе шығармашылық міндеттерге уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. БҰҰ баяндамасында Орталық Азияның Қазақстанның арқасында алғаш рет көшбасшылар тобына енгені атап өтілген. Біздің келесі міндетіміз — адам мемлекетке жүгінуді ойлағанға дейін оған өзі қызмет ұсынатын мемлекет құру», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Бұл қандай рейтинг?

UN E-Government Survey – БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті екі жылда бір жариялайтын баяндама. Онда БҰҰ-ға мүше 193 елдегі онлайн-қызметтер, телекоммуникация инфрақұрылымы және адами капитал бағаланады.

Мемлекеттер төрт топ пен 16 рейтингтік санатқа бөлінеді. Ең жоғары VH санатына электрондық үкіметі барынша дамыған елдер кіреді.

2026 жылғы тамызда Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 29-орыннан 24-орынға көтеріліп, әлемнің үздік 25 елінің қатарына енген еді. Сонымен қатар еліміз дәстүрлі цифрлық мемлекеттік қызметтерден жасанды интеллект пен проактивті сервистерді пайдалануға көшіп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget