- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан экономикасы әлі...
Қазақстан экономикасы әлі мұнай мен тау-кенге тәуелді - Әшімбаев
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан экономикасы әлі мұнай мен тау-кен салаларына тәуелді екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Сенатта "Қазақстанда экономиканың өңдеуші секторын дамыту" тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтіп жатыр.
Мәулен Әшімбаев саладағы өзекті мәселерге тоқталды.
"Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Қазір өңдеуші секторда шамамен 613 мың адам жұмыс істейді немесе жұмыспен қамтылғандардың – 6,7 пайыз. Соңғы 10 жылда саладағы жұмысшылар саны небәрі 10 пайыз-ға өсті. Көптеген бағыт бойынша білікті мамандар жетіспейді. Қазір тиісті құрылымдар тарапынан шешімдер қабылданып жатқанын білеміз. Бұл жұмысты күшейту керек", - деді төраға.
Саладағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – қаржыландыруға қол жеткізу.
"Қазір қаржы нарығындағы кредиттеу мөлшерлемесі 22 пайыз-ға дейін жетеді. Бұл өңдеуші сектордағы кәсіпорындардың дамуына субсидия бөлінуіне қарамастан теріс әсер етеді. 2022 жылдың басынан биыл сәуірге дейін банктердің жалпы бизнесті несиелендірудегі үлесі 51 пайыз-дан 43 пайыз-ға дейін, ал өңдеуші өнеркәсіпті несиелеу 14 пайыз-дан 12 пайыз-ға дейін төмендеді", - деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ сенат төрағасы 30 жыл өтсе де Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелді екенін ашық айтты.
"Ел экономикасына әлі де болса тау-кен және мұнай саласына, шикізат бағасына және төмен деңгейде өңделген тауарлар экспортына тәуелді болып отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты мемлекет басшысы алдағы ауқымды мінденттерді белгілеп берді. Соны ескеріп, экономиканың өңдеуші секторын дамытуға арналған тың және тиімді шешімдер қажет деп есептейміз. Бұл бағытта сенаторлар өз тарапынан заңнамалық тұрғыдан тиісті қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеуге дайын", - деді сенат спикері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен