Қазақстан Doing Business-2017 рейтингінде 35-орынға көтерілді

Қазақстан Doing Business-2017 рейтингінде 35-орынға көтерілді
Фото: economy.gov.kz

Дүниежүзілік банктің «Doing Business 2017» рейтингінде Қазақстан «Doing Business 2016» рейтингімен салыстырғанда 16 тармаққа өз рейтингін жоғарылатып 35 орынды иеленді, 2016 жылы біздің республикамыз 51-орында болған, - деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

«Doing Business 2017» баяндамасы кәсіпкерлік қызметті кеңейтуге ықпал ететін нормаларға, сондай-ақ оны шектейтін нормаларға бағалау жүргізетін Дүниежүзілік Банк тобының жетекші жыл сайынғы басылымының сериясындағы 14-шығарылым болып табылады. Аталған зерттеуде 10 индикатор бойынша 190 ел үшін деректерді салыстыруға мүмкіндік беретін бизнес-ахуалдың қолайлылығы деңгейінің сандық көрсеткіштері қолданылып отыр.

Қазақстан рейтингте Бельгия (42), Италия (50), Израиль (52), Грекия (61), Түркия (69) сияқты ЭЫДҰ-ның елдерінен басып озды. ЕАЭО елдерінің арасында Қазақстан рейтингте Беларусь (37), Армения (38), Ресей Федерациясы (40), Қырғызстан (75) елдерінің алдында тұр.

Дүниежүзілік Банк іскерлік ахуалды жақсарту бойынша реформалар үлесі жоғары топ 10 елді атап өтті, онда Қазақстан рейтингтің 7 индикаторы бойынша 2 позицияны иеленді. Сондай-ақ, Қазақстан соңғы 12 жылда төртінші рет үздік реформатор ретінде атап өтілді. Қазақстан рейтингтің «Миноритарлы инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша 3-орын алып, елдердің бірінші үштігіне енді.

«Келісімшарттарды орындау»  индикаторы бойынша 9-орын ала отырып, Қазақстан екінші жыл қатарынан елдердің бірінші ондығы қатарына орналасты. «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша 18-орындағы позиция сақталып отыр.

Қазақстанның рейтингтегі едәуір жақсы серпілісі «Құрылысқа рұқсат алу» (22-орын), «Электр желілеріне қосылу»  (75-орын) индикаторлары бойынша байқалуда.

Индикаторлар бойынша Қазақстанның позициялары: «Төлем қабілетсіздігін шешу» - 37- орын, «Кәсіпорындарды тіркеу» - 45- орын, «Салық салу» - 60-орын, «Кредиттер алу» - 75-орын,  «Халықаралық сауда» - 119- орын.

Дүниежүзілік Банктің «Doing Business 2017»  рейтингі бойынша бизнесті жүргізу үшін ең қолайлы елдер: Жаңа Зеландия (1), Сингапур (2), Дания (3), Гонконг (4) және Оңтүстік Корея (5).

T. Кіршібаев