Қазақстан БҰҰ-ның Украинаға қатысты қарарынан неге қалыс қалды? СІМ жауабы

Қазақстан БҰҰ-ның Украинаға қатысты қарарынан неге қалыс қалды? СІМ жауабы
Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңартылған 11-төтенше арнайы сессиясы барысында "Украинадағы жан-жақты, әділ және берік бейбітшіліктің негізінде жатқан қағидаттар" қарарынан неге қалыс қалғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство бұл сияқты қарарларды қабылдау өзара қолайлы шешім табуға ықпал етпейтінін мәлімдеді.

"Осылайша, қабылданған қарарда БҰҰ АА 11-төтенше арнайы сессиясының барлық алдыңғы қарарларына сілтеме жасалған, олар Украинадан әскерлерді шығарумен қатар, зиянды өтеудің халықаралық тетігін құруды, халықаралық ұйымдар мен құрылымдардың құрамынан елдерді алып тастауды, халықаралық қоғамдастықтан келісім таппайтын басқа ережелерді көздейді. Қазақстан бұған дейін аталған қарарлар бойынша дауыс беруден бас тартқан, себебі олар тараптардың өзара түсіністігіне ықпал етпейтініне, тек дағдарысты күшейтіп, бөлу сызықтарын тереңдететініне сенімді", - делінген хабарламада.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың басты қағидаттары негізінде жанжалды шешудің дипломатиялық жолына қатаң берік екенін тағы да айтты.

"Бұл қағидаттарды тұрақты сақтаудың маңыздылығын атап өтеміз және БҰҰ-ға мүше елдерді басқа мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, өзара сыйластық пен бейбіт қатар өмір сүруді сақтау және ұстану бойынша жауапкершілікке шақырамыз. Қазақстан өзара қолайлы шешімдерді табуға ықпал ететін кез келген келіссөздер процесіне жәрдемдесуге дайын екендігін растайды және Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысты тек бейбіт жолмен шешуге болады деп санайды", - делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

Еске салайық, 24 ақпанда Қазақстан БҰҰ-ның Ресей әскерін Украинадан әкетуді талап ететін қарарынан қалыс қалды. Бұл қарарды 193 елдің 141-і қолдаған, жеті мемлекет қарсы дауыс берген, ал 32-сі қалыс қалды. 

Бұған дейін Қазақстан Қытайдың Украинадағы ахуалға қатысты ұстанымы туралы түсінік берген еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан