Президент Сауд Арабиясының ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлиді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Абдулрахман әл-Фадлиге ілтипат білдіре отырып, оның сапары екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагерімен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды.
"Жиддаға сапарым барысында Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз әл-Саудпен кездестім. Кездесуде біз екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы келісімге келдік. Біздің өзара уағдаластықтарымыз қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр және дәйекті түрде орындалып келеді", – деді Президент.
Абдулрахман әл-Фадли құрмет көрсетіп, қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ, Тақ мұрагерінің Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растады.
Министр өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды.
"Өзіңізге мәлім, азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл әлем үшін өзекті мәселе. Қазақстан бұл бағытта негізгі рөл атқарады деп санаймыз", – деді Абдулрахман әл-Фадли.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы өзара байланыс перспективалары талқыланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!