Қазақстан БРИКС аясында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті - Президент

"Аутрич"/"БРИКС+" форматындағы пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БРИКС аясында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан мемлекеттің орнықты және қауіпсіз дамуы мүддесінде жан-жақты ынтымақтастықты нығайту үшін БРИКС форматында бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге бел буды. Қазандағы БРИКС саммиті жақсы, әділ әлем құру жолындағы маңызды кезең ретінде тарихта қалатынына сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қазанда БРИКС саммиті өтіп жатыр. 23 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС мемлекеттері басшыларының XVI саммитіне қатысу үшін Қазанға жұмыс сапарымен барды.

Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында айтқан еді. Уәли бұл ұсыныстарды Мемлекет басшысы мұқият қарайтынын және оның тапсырмасы бойынша Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан тиісті ведомстволар талдайтынын атап өтті.

Анықтама үшін: БРИКС (BRICS) - тоғыз мемлекеттің бірлестігі: Бразилия, Ресей, Үндістан, ҚХР, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Египет және Эфиопия. Ұйым 2006 жылғы маусымда құрылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!